Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Телефоныңыздың құпиясөзін қандай мақсатта бергіңіз келмейді?». Бишімбаев телефонының құпиясөзін әлі берген жоқ

22 сәуір 2024 182

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.

22 сәуірде өтіп жатқан сот отырысында Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов телефонда айыпталушының кінәсіз екенін көрсететін дәлел бар екенін айтты. Дей тұрғанмен қорғау тарапы телефонның құпиясөзін судьяға айтуға келіспеді.

Сотталушы телефонда қасақана аса қатыгездікпен адам өлтіру және қинау айыптауын жоққа шығаратын дәлелдер бар екенін айтты. Біз құпиясөзді сотқа берсек, қандай да бір түзету мен өзгеріс енгізіледі деп сескенеміз. Соған байланысты Бишімбаевтың телефонын өзіміз ашып, іс материалдары зерттелген соң құпиясөзді сотқа бере аламыз, - деді адвокат Ғазымжанов .

Алайда жәбірленуші тарап пен айыптау тарапы бұл өтінішхатқа қарсы болды. Судья Айжан Құлбаева қорғау тарапының бұл өтінішхатын қанағаттандырмады.

Айта кетейік, 18 сәуірдегі сот отырысында Қуандық Бишімбаев судьяға ұялы телефонының паролін беруден бас тартқан. 

«Телефоныңыздың құпиясөзін қандай мақсатта бергіңіз келмейді?», - деп сұрады судья Айжан Құлбаева.

«Мен өз қорғаушыма беруге дайынмын. Осы іске қатысты мәліметтің, ақпараттың бәрін бердім. Ол жерде басқа ақпарат көп...», - деді Бишімбаев.

Судья телефондағы деректердің тағылған айыпқа қатысты тұсы ғана зерттелетінін айтты.

«Басқа жеке әңгімелеріңіздің тағылған айыпқа қатысы жоқ. (...) Процесс барысында бірнеше рет телефоныңыздың құпиясөзін беретініңізді, Салтанат екеуіңіздің әңгімеңізді бәрі көретінін, бұл қылмыстық құқық бұзушылықты жасамағаныңызды айттыңыз. Енді бұл әрекетіңізге қарап ұстанымыңызды өзгертіп, судьяға телефоныңыздағы деректерді көруге рұқсат бермей отырсыз, дұрыс па?», - деп нақтылады судья.

«Жоқ, мен құпиясөзді тек қорғаушыма айтамын, ол телефонды ашқан соң, ішіндегі деректерді қарай аласыз», - деп жауап берді Бишімбаев.

Судья Құлбаева құпиясөз судьяға хабарлануға тиіс екенін және оның қылмыстық іс материалдарына қосылатынын айтты. Сондай-ақ сотталушының телефонның құпиясөзін беруден бас тартқанына байланысты сот тергеуінің келесі кезеңіне өтетінін жеткізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?