Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Назарбаевтың данышпандығынан апат болмады деу -  қисынсыз – Дос Көшім

19 сәуір 2024 547

Апат айтып келмейтіні рас, бірақ отыз жылда су жүйесіне ешқандай жұмыс жасалмағанын су мамандары былтырдан бері ауыз жаппай айтып келе жатыр. Алайда соны құлағына ілген үкімет болды ма? Сыннан сабақ алған, нәтиже шығарған жергілікті әкімдіктер, төтеншеліктер бар ма? Қарғын судың жылда көктемде халықты әбігерге салатынын жергілікті билік те, Астана да біледі, бірақ соған қарсы шара қолданбайтыны қызық. Неге? Жауап жоқ.

Alash.kz тілшісі осы сұрақтарды белгілі саясаттанушы Дос Көшімге қойды.

Тасқынға жүйе кінәлі

–Дос аға, қарғын судың астында қалуымызға кім кінәлі? Отыз жыл су жүйесіне бір тиын салмаған назарбаев құрған жүйе ме, әлде биыл қар қалың жауды ма?

–Біріншіден, бұл Назарбаев құрған жүйе емес. Бұл Кеңес үкіметінен келе жатқан әкішілік, әміршілдік жүйе. Назарбаев сол жүйені жалғастырушы. Ал Тоқаев сабақтастықты жалғастырушы, оны өзі де айтқан. Сондықтан жүйені кінәлағанда Назарбаевты қосудың қажеті жоқ. Бұл Кеңес үкіметінен келе жатқан тоталитарлық жүйенің жалғасы ғана.

Апат айтып келмейді. Әңгіме қардың қалың жауғанында емес, апаттың алдын алу, сақтану шараларының болмағанында. Әрине, жүйенің, басшылықтың кінәсі бар. Оған алдын ала дайындалмаған, апаттың алдын алу шараларын жасамаған. Жүйеге көптеген түйткілдердің қатысы бар. Дамыған елдерде болса, мұндай апат болмайтыны анық.

–Апатты саясатқа айналдырып жатқандар бар. Назарбаевтың тұсында мұндай апат болмаған еді дейтіндерге қандай уәж айтуға болады?         

–Апат айтып келмейді дедік қой. Кейде жүз жылда бір келеді. Тоқаев та айтты, сексен жылдан кейін қайталанған апат деп.

Назарбаевтың тұсында мұндай ауыр апат болмаған шығар, мұндай қалың қар жаумаған болар немесе су мұндай жойқын деңгейде тасымаған болар. Оған Назарбаевтың еш қатысы жоқ. Оның ақылының артықтығынан, данышпандығынан, айласының көптігінен апат болмады деу қисынсыз.

Егер Назарбаевтың тұсында дәл осындай апат болып, алдын алу шаралары қазіргіден жақсы болса, онда Назарбаевтың жүйесін ақтауға болар еді. Яғни Назарбаевтың кезінде осындай апат болған, оны олар біліктілігінің арқасында көтере білді деп айтар едік. Ондай болмаған соң, ешнәрсе айта алмаймыз. Назарбаевтың тұсында мұндай апаттың болмауы оның артықшылығы емес, табиғаттың тосын мінезі.

 

Қажыға бақылау жоқ. Үштен екісі желінеді

–Апаттың зардабымен күресуге Қазақстанның қауқары жете ме? Мысалы, 57 су қойма салуға, каналдарды жөндеуге, халыққа баспана салып беруге қаржы бар ма, ақшаны талан таражға салмай игеруге үкіметтің қабілеті жете ме?

–Менің ойымша, апатпен күресуге Қазақстанның қауқары жетеді. Оны Тоқаев та айтты ғой. Зардап шеккендердің бәріне көмек көрсетіледі, ешкім далада қалмайды дегенді сеніммен айтты. Әңгіме сол ақша тістегеннің тісінде, ұстағанның қолында кетпеуінде.

Бізде кез келген бағдарламаға үкімет қомақты қаржы бөледі. Бірақ соның үштен екісі желініп, бір бөлігі ғана игеріледі. Оны бәріміз білеміз. Қалай желінетінін де білеміз. Әңгіме ақшаның бар-жоғында емес, игерілуінде.

Үкімет бөлген ақшаны қоғам бақылауға ала ала ма? Қоғам тарапынан сол қаржыны, жұмысты бақылауға үкіметтік емес ұйымдар ма, азаматтық қоғам өкілдері ма, журналистер ма – тәуелсіз бақылаушылардың болу-болмауында. Мәселе сол жағында.

Өркениетті елдерде азаматтық қоғам мұндай дүниеге тікелей араласады, бәрін бақылайды, тиынына дейіне санап отырады. Жариялылық болады: қанша ақша бөлінді, қайда бөлінді, қайда кетті?

Өкінішке қарай, бізде ондай бақылу жоқ. Бәрін басшылық шешеді. Басшылық тендерді өздері бөледі, өздері береді. Әңгіменің тоқ етері осы жерде: ақша бар, бірақ сол қаржының көп бөлігінің желініп кететінінде.   

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?