Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Баланы біз мал секілді көреміз, ішіп жесе болды : Бишімбаев және ұлттық тәрбие - ЖАНҰЗАҚ ӘКІММЕН СҰХБАТ

04 мамыр 2024 650

Халықаралық адам институтының президенті, белгілі қоғам қайраткері Жанұзақ Әкім қоғамда резонанс тудырған соңғы мәселелер төңірегінде Alash.kz тілшісі Інжу Өмірзақ тілдесті.

Жанұзақ ағаның айтуы бойынша, Бишімбаев ісі көп отбасыға сабақ болады, және қазақтың қырық үйден тыйым деген дәстүрі барша қазақ қыздарының зар еңіреуіне әкеп соғатыны туралы баяндады.

-Соңғы кездері суицид, зорлық-зомбылық, буллинг әрекеттері жаппай белең алып тұр. Бұның себебі неде?

-Суицид біздің халықта бұрыннан келе жатқан ахуал. 2012 жылы БҰҰ мамандары осы тақырыпты зерттеп, 12-18 жас аралығындағы қазақ қыздарының суицид жасау әрекеті әлемде бірінші орын алады екен. 12 жылда ештеңе өзгермеді. Жас қыз балалар арасындағы суицидтің себебі тереңде жатыр. 1500 жыл бұрынғы Қозы-Көрпеш – Баян Сұлу, 800 жыл бұрын Ұлбике, 550 жыл бұрынғы Қыз Жібек, Шұға, Қамар Сұлу, Ұлпан т.б. 16-18 жастағы жас қыз балалар. Олардың тағдырын трагедия қылған – қызға қырық жерден тыйым қағидасы. Тыйымды тәрбие деп көретін ұлтпыз. Екінші жағынан қазақ «он үште отау иесі» дейді. Физиологиялық, психологиялық жағынан он үш жаста адам есейеді. Біз осы кезде адамды тыйыммен тәрбиелегіміз келеді. Тыйымның тағы бір түрі өзі сүйіп қосылған жанға жар етіп қоспау. Абайдың атасы Ырғызбай бір-біріне ғашық боп қосылған Еңлік пен Кебекті шариғаттың «заңымен» елді жинап, тас атып өлтіреді. Еңліктің ішінде ол кезде сәбиі болатын. Айуандық сол кезден бар. Бірақ, ең қорқыныштысы, дәстүр деп танылған кейбір дұрыс емес дүниелердің жұрнағы қазір әлі де бар.

Біздің алға қаратай көшіміздің жылжып өспеуінің де бірден-бір себебі осы. 1989 жылы асперантураны бітіріп жатқан кезімде Семей полигонынан су, топырақ, адамның қаны сынды дүниелерге Мәскеуде экспертиза жасаттық. Сол кезде суицидтің деңгейі орта республикалық деңгецден 16 есе көп еді. Қазір шамамен 10-12 есе шамасында. Жалпы Қазақстан суицид бойынша әлемде 4 орынға жайғасқан.

-Қабылданған зорлық-зомбылық туралы заң қоғамда ойып тұрып орын алған бұл мәселені қаншалықты шеше алады және біз күткен нәтиже қашан орын алады?

-2012 жылы зорлық-зомбылық факторі бойынша БҰҰ тағы да зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Сол жылдармен салыстырып қарасақ, өзгерген түк жоқ. Гендерлік дейміз, тағы басқа дейміз, заң қабылдаған сыңай танытудамыз, алайда өзгеріп жатқан қоғам жоқ. Керісінше 2019-2020 жылдары зорлық-зомбылықтан 1 жыл ішінде 400 әйел адам марқұм болған. 2012 жылғыға қарағанда 78 пайызға өскен. Бұл да өте жоғары көрсеткіш. Байырғы кезде заңсыз заман болды. «Бас жарылса бөрік астында, қол сынса жең ішінде» деген пасық ойлы кезең болды. Бишімбаевтың соты көп нәрсенің шын бейнесін ашып жатыр. Ол өзін әлі кінәлі сезініп тұрған жоқ. Дұрыс жасадым деп жеңістік бермей отыр.

Қыз алып қашу дегенді дәстүрге балайды. Бұл қате түсінік. Енді салафизм ағымы шықты. Талақ деп әйел, бала-шағасын тастап кете барады. Бұл не сұмдық? Бишімбаевтың сотынан кейін біраз отбасылар естерін жинай бастайды. Қазақта көңіл қимастық деген бір жаман дүние бар. Көрші үйде ұру-соғу, арақ ішілген жанжалдар болып жатса аяп тұрады. Егер расымен қылмыскер болса, аяп қажет емес.

Түркістанда өз әкесінен жүкті болып қалған жетінші сынып оқушысы туралы жаңалық шықты. Айуандық заң дұрыс жұмыс істемесе жалғаса береді. Заңды орындайтың орган болуы керек. Халыққа ең жақыны полициялық бөлімшелер ғой. Олар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, әр отбасыға қатаң ескерту керек. Біздегі полицияның да қызметі бұрылып, билікке қарай қызмет етуге ауып кеткен.

-Жалпы, бұл ауыр тақырыптардың шығу түбірі қай жерде? Оған мемлекет қоғам яки ата-ана кінәлі ме? Неге адамдар қазір «әлсіз»?

-90 жылға дейін жақсы жаман ба білмедім, бірақ елде екі дін болды. Біріншісі - мұсылмандар, екіншісі -  христиандар. Кейін 3000-нан астам секталар тіркеле бастады. АҚШ-тың барлау басқармасында тіркелген он қауіпті экстремистік топтардың барлығы ресми түрде Қазақстанда тіркелген екен. Оны істеп жатқан үкімет. Өткен отыз жылдық азғындықтың кезінде Сали баба, Крещина, Иегова дегендердің топтары бар. Шымкентте қазағы бар, орысы бар барлығы Иеговаға кіріп кеткен. Бір шағын аудан түгелдей алжасқан. Біздегі билік қазір халықты ұмытты. Олар тек ақшаға қызмет етеді. Отыз жылда тапқан парақорлығымыз, түрлі азғындығымыздың бастауы осы.

Қоғамда ұлттық дәстүр деген киелі түсінік қалмады.

 

  1. АҚШ ғалымдары бала тәрбиесі ол дүниеге келген кезден бастап 100 жыл бұрын басталады дейді. Өйткені, оған бірден-бір әсер ететін фактор – сол елдің дәстүрі. Бұл – фундамент.

 

  1. Ал шығыстың даналығында, «егер сіздің балаңызға қандай тәрбие беріп жатқаныңызды көрсем, ұлтыңыздың 1000 жылдан кейін қандай болатынын бірден айтып бере аламын» дейді.

 

  1. Жапондар «егер ата-ана барлық жиған-тергенін баласына үйіп-төгіп беретін болса, онда оның немересі қайыршы болады» дейді.

 

  1. Фин елінің даналығында « әр бала 18-ге толғанша оқуларын өздері оқып, әрмен қарай өздері аяқтарына нық тұрып кетуі керек. Батыс елдерінде 18 жастан кейін , әсіресе ер балалар өз күндерін өздері көріп, үй алып жағдай жасайды. 30 жасқа таман үйленеді. Соның арқасында іргесі нық қаланған отбасылар туындайды» деген.

Ал біз ажырасудан әлемде қателеспесем, екінші орындамыз. Бұл – ұлттық дәстүрдің тас-талқан боп бұзылғанының көрінісі. Қоғамда биліктен бастап ұрлыққа жол беріп, қолдап отырғандықтан, түгел бүкіл жүйе шіріді. Білім саласын қарастырар болсақ, 9 облысты толық алғанда ұрлық-қарлық бірнеше миллиардтан асып кетті. Елестете аласыз ба? Бірнеше миллиард... Білім саласы осындай болғандықтан, басқалардан не күтесің?

«Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ең бірінші маңызды дүние «ұя». 80 пайызы отбасыға байланысты. Қырғыз елінің тумасы «менің балам қазақ боп кетті» дейді. Баласы күндіз түні «балапан» телеарнасын көреді екен. Біздікілер оны да қарамайды ғой. Кеңес үкіметі кезінде қазақ бұндай болмады. Тоталитарлық жүйенің тәрбиесінен шыққан билікке жылқы баққаннан көрі, доңыз баққан әлдеқайда жеңілірек болып тұр. Алысқа кетпей-ақ, тек мәселесіне келейікші. Миллиардтап ақша тапқанымен, тектерін дұрыстап, фамилияларындағы жұрнақты әлі алмады. Тегі өзгермеген адам әрдайым құл боп қалады. Билікте осындай отырған кезде, мемлекеттің өзгеруі екіталай. Көшелерді қазақшалауға, қазақ тіліндегі балабақша, мектеп ашуға жұмыстану керек. Белсенділікті қолға алмасақ, тобыр тірліктен ештеңе шықпайды.

 

-Ұлттық тәрбие тұрғысынан бұл мәселені шешу мүмкін бе?

-Ұлттық тәрбиенің де оңы мен терісі бар. Балабақша мен бастауыш білім беру бөліміне «Монтессори» жүйесін енгізген жөн. Италияда осыдан 150 жыл бұрын енген ілім. Мысалы Америка ең ақылды адамдар жиналған ел. Билл Гейтс, т.б мықтылардың барлығы кішкентай кезінен «монтессори» жүйесімен дайындалған балабақшаларда білім алған екен. Сондықтан олардың қазіргі көрсеткіштері мықты. Олар елді тонап емес, өз қара күштерімен байиды. Осыдан 5-6 жыл бұрын зерттегенімде, Алматыда 15-16  «монтессори» ілімімен оқытатын орталықтар бар екен. Өкінішке қарай, олардың барлығы орыс тілінде екен. Интеллектуалды ұлт болуымыз үшін балабақша, бастауыш сынып бөлімдерін ретке келтіруіміз керек. Әлемдегі озық методикаларды тәрбиемізге енгізу керек. Ұлттық тәрбие, дәстүр деп байырғы көшпенді кездегі білім жоқ уақыттарды қазіргі тәрбиелеу санатына араластыра бермеу керек. Екеу-ара байланысты бірге ұстауғы тырысу керек.

Ұлттық тәрбиенің ішінде қазір бізге жетпей жатқаны ар мен намыс. 300 жылдық отарлау, тоталитарлық кеңес үкіметі кезінде Ахмет Байтұрсыновтың 1938 жылы жазғаны бар, «Ер кетіп еркек қалды, қояннан да қорқақ қалды» дейді. Еркек деген ер емес. Ұлттық тәрбиенің мықты тұсы – батырлар эпостары. Мысалы, Ұлы Отан соғысы кезінде Мәскеуді қорғаған армия генералы, совет одағының екі мәрте батыры, Белобородов деген болды. Бізден Бішкек-Алматыдан жиналған Панфилов дивизиясы барады. Еділдің бойын жаулағысы келеді. Осыны Белобородов: Ұлы Отан Соғысын жеңген, славяндар емес. Олар сатылып кетті. 1941 маусымда басталған қырғын соғыста немістерге көп елді-мекен беріліп кетті. 1943 жылы соғыстың шешуші сәті болған кез. Осы кезде кеңес үкіметі барлық университет, мектептерге батырлық эпостарды оқытуға кеңес береді. 1944 жылы түркінің барлық тарихи батырлар эпос жырларын оқытуға тыйым салады. Өйткені, жеңетіндерін білген еді. Рухты көтеретін жырлардан олар қатты қорықты. Бізге ұлттық тәрбиеде осыны көтеруіміз керек.

-Қоғамда қызу талқыға түскен ТикТок желісінің ұлттық құндылығымызға кері әсері, балалардың санасын улап, болашағын бұлыңғыр ететіндігі туралы айтылып жүр. Әлеуметтік желілердің ұлттық тәрбиеге қандай әсері бар?

-ТикТок желісіне біз тұрмақ, АҚШ-тан бастап, көп елдерде тыйым салынып жатыр. Шектеу керек. 18 жастан асқандардың ішінде уақыттары барлар қарасын. Психикасы қалыптаспаған жас балалар қарамауы керек. Балалардың арасында тілдік мәселенің өршіп тұруына себеп, ата-ананың өтірік сылтауы мен масылдығы. Қазақ тәрбиесінің бір кемшілігі – баланы мал секілді көреміз. Бұзау, қозы секілді қараймыз. Аузына бірдеңе тығып қойсаң, жыламаса оны тәрбие деп ойлаймыз.

Тәрбие – жатырдағы бала екі-үш айдан кейін әлемді тыңдай бастайды. Сол кезде музыкаға тәрбиелеу керек. Тәрбиенің тал түбі сол кезден басталады. Ал бізде бұл үрдіс 18 жастан басталады. Бізде білім жүйесі бақытсыз адамдарды тәрбиелейді. Ол бөлек мәселе. Адамның интеллектісінің қалыптасуы сынды дүниелер білім саласында еш есептелмеген. Мықты таланты бар тұлғаларды өшіріп аламыз.

-Жасөспірімдер арасындағы кісі өлтіру бабының көбеюінің басты мәселесі үйдегі тәрбиенің берілуінен бе? Күні кеше әжетханадан 8 сынып оқушысының мәйіті табылды. Оның мектеп мұғалімдері жасырып әлек. Біздің мемлекет шыншылдықты, шынайылықты ұмытты ма?

-2014 жылы депутаттардың алдында баяндама жасадым. 7-8 жасқа дейінгі балаларға ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндіреді. Мысалы, үйдегі газды жақпаудан бастап, жол ережелеріне дейін айтады. Ал бізде сол ережелерді 18 жасқа толғаннан кейін ғана айтады. Машина айдайтын кезде ғана үйретеді. Бізде тәрбие он жылға кешіккен. Ең көп қылмыскерлер осы аралықта шығады. Оң-солдарын білмейді. Баяндама оқыған кезімде министрліктер де болды. Қиын балалардың комитеттері (камералары, инспекторлар, бөлімдері бар) ол да бір үлкен жүйе. Осы жүйе қысқарып қалады деп қорқып, бұл жобаны енгізбеді. Олар болашақ ұрпақ, елдің абыройын ойлап отырған жоқ. Неғұрлым адам көп түрмеге түссе, милицияларға жұмыс болады деген дүниені ойлап отыр. Бір рет түрмеге түскен адам 82 пайызы қайтадан оралады екен. Осыдан 10-12 жыл бұрын Қазақстан түрмеде көп отыратын ел қатарынан 3-ші орынды алды. Халықаралық ұйымдардың айқайымен қазір біз 18-ші орынға түстік. Жартылай коммунист, ішкіш, мәңгүрт.

Мектептегі қазақ балаларының саны 80 пайыздан асты. Балабақшаларда 90 пайызға жуықтады. Қазақтың саны орташа 71 пайызға жетті. Патшаның кезінде ашылған аралас мектептер тобырды отарлаған елдерін басқару үшін аралас мектептер ашты. Аралас мектептердің үлесі 33 пайыздан әлі түскен жоқ. Халықаралық адам институты осы мәселені көтеріп келе жатқалы 17 жыл болды. Үкіметке қазір тобырларды тәрбиелеген тиімді боп тұр. Орыстар орыс тіліндегі мектептерге бере берсін. Қалған 80 пайыз мектептер түгел қазақ тілінде болуы тиіс. Милары жетпейді немесе әдейі сондай саясатты ұстанып отыр.

8-сынып оқушысының әжетханадан табылған мәйіті туралы сөз қозғасақ. 70-80 жылдары Чикотило деген болды. Совет одағы кезінде 6 адамды өлтіргені үшін, өмір бойына сотталды. Содан кейін Ұзынағашта Жұмағалиев деген болды. Ол да 11 қыз-келіншекті өлтіріп, етін мұздатқышқа салып, жеген. Оны да соттады. Қазір жындыханада. Қазір әйтеуір дәл бұндай сұмдық оқиғалар жоқ. Ал жасөспірімдер арасындағы тентектікті жоюдың бірден-бір жолы қыз болсын, ұл болсын, миына 8 жасқа дейін ненің ақ, ненің қара екенін құйып қойсақ, бұндай асқан қателікке бармаушы еді. 80 жылдардың кезінде Шығыс Германиядағы бір музейге бардық. Барлық мектептің балаларын апарады екен. Ұрықтан қалай бала пайда болды, содан 9 айда бала қалай өсетінін муляж арқылы анық көрсетіп қойған. 13-14 жастан асқан балаларға міндетті түрде көрсетеді екен. Яғни, жыныстық қатынасты мәдение түрде үйретеді. Жыныстық сауатсыздық зорлыққа әкеледі. Жыныстық-қатынастың тек қана ләззат емес екенін, оның артында үлкен жүк бар екенін бала мәдени тілде ұғынады.

- Кеңес үкіметі кезіндегі бала тәрбиелеу дағдысы қазір өзгеріске ұшырады ма? Қазіргі балаларды қалай тәрбиелеу керек? Ата-аналарға айтатын қандай кеңесіңіз бар?

-Халықаралық адам институтының «медиатека.кз» деген бағдарламасы бар. Үкіметтік пилоттық жобасы. Осы жоба бойынша, Ақмола облысындағы ауылдардағы мектептердің білім деңгейін екі сатыға көтеріп, қалалық білім деңгейіне жеткізу мақсаты қойылған. Әр мектепте немесе мәдениет үйінде қоғамдық институттар орналастырылады. Жаңа бағдарламалар. ІТ-технологиялар, жасанды интеллект сынды дүниелерді кеңес үкіметінен қалған ата-аналар білмейді. Сол себепті қоғамдық институтта әр сыныптың ата-аналары жиналып, балаларының оқу-деңгейін талқылайды. Анализдеу процесін жүргізеді. Әр ата-ана баласының қандай тірлікпен айналысып жүргенін біліп жүруі керек.

Медиатека.кз бағдарламасының тағы бір ерекшелігі ата-аналардың өзін интернет тіліне үйретіп, құқықтық, бизнестік сауатын ашады. Содан кейін бала ата-ананы тыңдай бастайды. Себебі, баланың оқып жатқан дүниесінен хабардар болған ата-ананың сөзі өтімді болады, сыйлайды.

Әр үйде кітапхана болуы керек. Кезінде «жұлдыз» журналдарының тиражы 200мың болатын, қазір 50 мыңға да жетпейді. Мәселе көп. Диктаторлық кезде бұның барлығын өзіміз жинап алдық.

Балаға білімді «алып береміз» деп ойлаймыз. Білімді қажет деп санамаймыз. Кеңес үкіметі кезінде мектептерде жүйе болды. Оның артықшылығы, Ресейдің 8 облысында миллион жарымдай қазақ тұрады. Олардың ешқайсысы қайтадан көшіп келе жатқан жоқ. Неге? Олар Путин үшін өліп соғысқа кетіп жатыр, бірақ елдеріне емес. Себебі, Ресейдегі тұрмыстың өмірді жақсы санайды. Оларды біз әлі елге қайтара алмай отырмыз. Білім, тұрмыс, әлеуметтік жағдайдың төмендігінен қашады. Қырғыздың әлеуметтік жағдайы бізден жақсы. Халық талап етуі керек. Сұрау емес, талап етіп үйренсе, бәлкім өзгеріс енер...

 

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!                                                                       

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?