Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Атырау жұртының жанкештілігін, қазақ халқының ауызбіршілігін көрдім". Respublica партиясы да апатты аймақта жүр

16 сәуір 2024 253

Жалпы батысқа Алматыдан 65 тонна (3 фура) жүк келді. Қалаға су шамамен 5-6 күнде келеді деген болжам бар. Гумантиралық көмектің ішінде 12 моторлы қайық, 2 киіз үй, 1500 адамға арналған су етік, 40 дана етік (белден келетін резина етіктер), 15 дана мотопомпа (су соратын құрылғы), 100 дана су өткізбейтін куртка, 12 мың қап, балаларға арналған киімдер, 35 тонна бұзылмайтын азық-түлік, 10 тонна су, төсек орын, т/б заттар бар. Жалпы батысқа Алматыдан 65 тонна (3 фура) жүк келді.

Сондай-ақ, он күн бұрын 1 жүк көлігі Оралға жеткізілген еді.

Respublica партиясының Алматы облыстық филиалын басқаратын журналист Жарас Ниязбек те бірнеше күннен бері Атырау өңірінде жүр.

“Су тасқыны басталған күннен бастап зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмек ұйымдастыруды бастап кеттік. Басты мақсат: ең қажетті деген заттарды жинап, тездетіп жөнелту. Көмекке ұмтылған жерлестер көп болды. Алматы қаласында үлкен қойма даярлап, жүктерді сонда жинадық. Ал қазір Атырауға келген гуманитарлық көмектің бір бөлігін қалалық үлкен қоймаға өткіздік. Бір бөлігін су басып жатқан Орал қаласына жібердік. Енді Құлсары өңіріне заттарды дайындап жатырмыз". 

Ал тағы бір әріптесіміз Ришат Асқарбекұлы Respublica-ның Жетісу облысын басқарады.
“Бір жамандықтың артында міндетті түрде бір жақсылықтың болатыны хақ. Батыс өңірде жүргенімізге 6 күн болды. Орал қаласындағы жағдайды өз көзімізбен көріп, халыққа ең қажетті заттар тізімін алып, Алматыдағы жинақ пунктіне жібердік. Ол жерге бұған дейін кәсіпкерлер көмегімен 1 фура гуманитарлық жүк жеткізілген еді. Ал Атырауға өткен жұмада шыққан 2 жүк көлігі бүгін жетті. Біздің міндетіміз осы жауапты жұмысты үйлестіру. Мұндағы мақсат - дайындық жұмыстарына көмектесу және келетін судың алдын алуға атсалысу. Өз басым Атырау жұртының жанкештілігін және қазақ халқының ауызбіршілігін көрдім. Бәрімізге Алла жар болсын!”,- дейді Ришат Асқарбекұлы.

Ал алматылық кәсіпкерлердің басын қосып, зардап шеккен аймақтарға көмекті белсенді түрде ұйымдастырғанның бірі - Сұңғат Райымбек. Ол партияның Алматы қалалық филиалын басқарады.
“Көмек жинап бастағанда азаматтар бірден қол ұшын созды. Қойма да табыла кетті, еріктілер де жинала қалды, тіпті, жүкті жеткізетін көлік те дайын болды. Алдағы сынақ Жайық жұртына жеңіл болсын. Біз сіздермен біргеміз” - дейді Сұңғат Райымбек.

Партия өкілдері гуманитарлық зат жинауға атсалысқан Respublica партиясының мүшелері, Алматы мәслихатындағы партия депутаттары (Жалын Жайнарбек, Әкім Тұрсын, Қайрат Бегалин, Салтанат Серікова, Руслан Идрисов), Damu Business Group тәуелсіз кәсіпкерлер кеңесі, Партияның Алматы агломерациясы, журналист Әмірболат Құсайынұлына және Талғар ауданы белсенділеріне алғыс білдірді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?