Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Дендерің сау, аман жүрсіңдер ме?»: Ахмет Байтұрсынұлының Міржақып Дулатұлына жазған хаты

24 сәуір 2024 109

«АКСЕР п./о. Попов Остров 1-ое Соловецкое СЛАГ 1, Лагпункт, Дулатову Мир-Якубу Дулатовичу. Архангельск, Соломбала  1-я деревня, 1-я линия, дом, 9. 26/11-33 ж.

Дендерің сау, аман жүрсіңдер ме? 31-декабрьде бір хат жазған едім. Оны алған - алмағандарыңнан дерек жоқ. Мен әлі орынға кіре алмай жүрмін. Мекемелерді ықшамдап, жер аударылғандарды алмау деген ағын тұсына кез келіп, еш жерге орналаса алмай тұрғаным. Орын болмаған соң, қай жағынан болса да хал нашар болатыны белгілі ғой.

Бір жағынан - ауру, екінші жағынан - суық, үшінші жағынан - аштық, үш жақтап қысып, әркімнің атсалысқан көмегі арқасында күнелтіп келе жатқан жай бар. Бұл қалыппен көпке бармай бір шегіне барып тынатын шығармын. Қырбаласы (Ә.Бөкейханов) қолдан келген көмегін істеп-ақ жатыр. Бірақ көмекпен күнелту мұнда өте қиын. Қазір қара нанның килосы 12 сомға жетті. Ол не шыдатар? Жұмыста болмаған соң, нан карточкесі де жоқ, столовой нанды карточкесіз бермеген соң нанды базардан алып жемеске шараң жоқ. Базар бағасы анау. Онымен қанша нан сатып алуға, тойынып тұруға болар. Қазір әбден арықтап, жүдеп болдым. Жылы киімім жоқ.

Күн мұнда Аралдағыдай емес. Өте суық. Аштық, арықтық, суық тағы бір жағынан айналдырған соң, ел қалай күнелтпек? Елдің хабары өздеріңе мәлім күйде, жұмысы біткен. Қырбаласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қужақ (Голощекин)  екі жолдасымен (- ?) орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ жайы - соқырға көрінген, саңырауға - естілген болса керек.

Әлімхан Ермеков), Әуезұлы (Мұхтар) екеуі тәуба қылып шыққан. Басқалары: Сейдазым (Қадырбаев), Мұхамеджан Т. (Тынышбаев), екі дос Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер), Ақбай (Жақып) ақсақ інісімен (Әбділхамид), Әшім (Омаров), ұзын Мұхтар (Мұрзин) - бұлар Воронеж қаласында. Аудандарында: Көшке (Кемеңгеров), Жұмағали (Тілеулин), Мұстафа (Бұралқиев), М. (Мұңайтпасов) Әбдірахман, Нәшір (Қожамқұлов), (Жұмақан) Күдері баласы, бәрі де қызметке қатын-балаларымен тұрған көрінеді. Мен де: не қатын-балаларыма  мұнда келуге, не мені онда баруға ұрықсат ет - деп Мәскеуге арыз беріп едім, хабары жоқ.

Жақын арада жазушының (М.Горькидің) бұрынғы қатыны (Пешкова) бастық болып тұрған мекеме (қызыл крест қоғамы) арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйімнің бәрін айтып: өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлемін - деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан еш нәрсе шықпаса, шынында да өлу ғана қалады.

Мұнда срогі біткендерді де босата қоймай, бәрін осында ұстап отыр екен. Соңғы күндері босатулары сұрапыл;  күні-түні қағаздарын беріп, қойша ағытып жатыр. Күні біткендерден ешкім қалатын көрінбейді. Өздері:«Қалам»  -  деп тілесе ғана қалдырады. Мұнда Абдолла қатын-баласымен тұрады. Олар да мекеме ықшамдауына ілігіп еді, қатыны басқа орын тауып кірді де, өзі бұрынғы орнына 10 күннен соң қайта кірді. Жақын арада Алматы жағынан үй-іштерімен көп қазақ келді деп еді. Оларға әлі жолыққаным жоқ.

Хош, Ахмет».

Дереккөз: Тұрсын Жұртбай, "Ұраным - Алаш!..." Бірінші кітап.-Алматы, 2019

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?