Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бұғаттау керек". Ерлан Саиров тик-токтың қауіпті желі екенін айтты

22 сәуір 2024 235

Аида Балаеваның сөзінен кейін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ақпараттық кеңістікті бақылау туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды alash.kz.

"Еліміз бойынша Instagram-ға – 12,1 млн, Facebook-қа – 2,6 млн, ал небәрі екі жылдың ішінде TikTok-та 14,1 млн азамат тіркелген. Әлеуметтік желі әрбір жанның ажырамас бөлігіне айналды. Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, олардың пайдалы жақтарымен қатар, зияны да жеткілікті. Әлеуметтік желіге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оң-солын танып үлгермеген жасөспірімдеріміздің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдатады", - деді ол Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депсауалында.

Сөзінше, TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді.

"Өкінішке қарай, бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінен "тик-ток" арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да аз емес. Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралып жатыр. Оларды балалар тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырауда. Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды", - деп атап өтті ол.

Депутат осы мәселеге қатысты бірқатар ұсыныс тастады. Оның бірі – ТикТоктағы адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылықтарына қарсы келетін, яғни заңға қайшы барлық контентке шектеу қою.

"Балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасынд қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаттау керек. ТикТокты кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіне сәйкес балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізуді ұсынамын", - деді Ерлан Саиров.

Айта кету керек, осыған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева TikTok-қа шектеу енгізілу мүмкіндігіне байланысты пікір білдірген болатын. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?