Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"30 жылдың ішінде «ДАТ» газетін 11 рет кім жаптырды?!". Бапи "ескі Қазақстан" өкілдеріне шүйлікті

22 сәуір 2024 340

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи "ескі Қазақстан" өкілдерінің апатты жағдайда ақпараттық шабуыл жасап жатқанын айтып, бұған дейін өлімі жұмбақ күйінде қалған оппозиция өкілдерін және бірқатар тәуелсіз журналистердің өлімін тізіп шықты деп, хабарлайды alash.kz.

"Тапсырыспен жасалған саяси өнімдер қай биліктің кезінде жасалып еді? Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділовтің атылуына дейін, "ДАТ" газетінің журналистері Асхат Шәріпжанов пен Құрманбекті кім өлтіріп кетті? Танымал оппозициялық журналистер Нүри Муфтах пен Батырхан Дәрімбет жолдың шетінде жаяу тұрып, автомобиль аптына қалай тап болды? "Закон и правосудие" газетінің журналисті Оралғайша Омаршанова бір түннің ішінде қалай жоғалып кетті, 2007 жылдан бері оның өлігі неге табылмады?

Қоғамдық-саяси газеттер – "ХХІ век", "Эпоха", "Сөз", "Трибуна", "Республика" және басқалары, тәуелсіз "Максимум" радиосы, "Макс" тәуелсіз телевизиясы кімнің билігі кезінде жабылды?! "Таң" телекомпаниясының толқын тарату мұнарасы кімнің кезінде жарылды?!

30 жылдың ішінде «ДАТ» газетін 11 рет кім жаптырды?! Тәуелсіз интернет-сайттар «Навигатор» мен «Navi.kz» қай Қазақстанның кезінде қудалауға тап болды? Тәуелсіз БАҚ-тардың редакцияларына кімнің билігі кезінде қарақшылық шабуылдар жасалып, дүие-мүлкі өртелді?

Орыстар айтпақшы, «все познается в сравнениях», «Жаңа Қазақстанның» кезінде осының бір де бірі болды ма? Әрине болған жоқ, болмайды деп сенеміз!" - деді ол.

Сонымен қатар, депутат Ескі Қазақстан қандай айлаға барып отырғанын айтты.

"Оның бір себебі – халыққа айтары бар, абырой-атағы бар қоғам белсенділерін «ескі Қазақстан» өз бауырына баса басып, оларды «Жаңа Қазақстанға» қарсы айдап салу үшін белгісіз бір қорлардың атынан түсініксіз гранттар беруде. Жекелеген қоғамдық пікір лидерлерін сатып алуда. Ал халықтың саяи тұрғыда сауатсыз өкілдері далбаса дабыраға қиқу қосуға әуес, деп жазды dalanews.kz

Дегенмен, қалай десек те, реваншистік күштердің дегені болмайды. Өйткені қазақ әрдайым бірлік пен берекені бірінші орынға қояды. Қиын-қыстау сәтте бар қазақ бір қазақ болып, бір тудың астынан табылады. Мұны қазіргі жағдай көрсетіп отыр.

Сондықтан ел Үкіметіне, Бас прокуратураға ақпараттық кеңістігімізге тұрақты мониторинг жасап, елдің бірлігіне сына қағатын, арандатушылық сипаты бар, заңға қайшы, негізі жоқ фейк ақпараттарды таратудың алдын алу шараларын қолға алуды ұсынамын", - деді Бапи.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?