Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бізге моңғол деген аттан қашудың керегі жоқ». «Жошы хан» жайлы романының тұңғыш төлиесі Ұларбек Дәлейұлымен сыр-сұхбат

08 мамыр 2024 2116

Ұлт жаднамасының жоғын түгендеп, алақаудан, андағай қалған руханият атырабын байытуға айрықша үлес қосқан қазақтың қаламгері, көшелі жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» романы жарық көрді. Бізге айқыны, Ұларбек Дәлейұлы – жанкешті жазарман, кеңтынысты танымгер. Жазу жолында тың сүрлеу, соны соқпаққа түсуден тартынбайды. Ізденісі мен қаламгерлік қуаты да болдырудан ада, демігуден тыс. Әрбір сөзін есеппен жұмсайтын, әрбір дерек-дәйегін орнымен қолданатын жазушының «Жошы хан» романы да көркемдігімен, айқындығымен, қисындығымен құнды, ұлт санасына құнар төгуімен бағалы. Біз, осы орайда, мәңгілік мақтанышымыз «Жошы хан» жайлы роман жазған талантты төлие, ежеттес қаламгермен тілдесіп, шығармашылық даланының айрықшалықтарына үңіліп көрдік.


- Армысыз, Ұларбек аға? Ұлт руханиятының шаңырағына жаңа танымда уық шаншыған «Жошы хан» романының құнары мол болсын! Тарихи-баян, деректі-көркемдік санаттың жолы ашық болсын деп тілейміз! Кертігі кеткен, тарихи танымды тәпсірлеуде есесін жіберген ұлттың перзенті есебінде мұндай бағдарда қалам тербеу ойы қашан туды? Қандай мақсат-мүддемен бұл асыл борышты еншіледіңіз?

– Рахмет! Бала кезімнен, кітапқа үңілуге жараған шағымнан-ақ тарихи әдебиеттерді құныға оқыдым. Өте кітапқұмар едім. Кітап құшақтап төсек астына, үйдің шатырына тығылып алып, құныға оқитынмын. Кейінірек, шынайы тарихи деректер арқылы өткен заман шындығына көзім жеткен кезде, өзегімді өкініш кернейтін. Соншама беріліп, қызығып, тіпті, кей тарауларын жаттап өскен сол дүниелердің көп жері ұлы тарих алдында бұрмаланып жазылғанын біліп өкінесің. «Заман қысымы, коммунист қызылдардың әдейі жасаған лас саясаты» десек те, сол бостықты толтыруға ұмтыласың. «Жошы хан» тарихи романын жазу мақсаты әу, баста осылай келген. Басқа да себептер көп, айта берсем.

Бұған дейін пайдаланған дерек іздерін айтып келдім. Ал, көркем шығармалар жайына келсек, бала күнімде Жапон жазушыларының, өзге де әлемдік әдебиетте Шыңғыс әулеті жайлы жазылған романдарды жастанып оқыдым. Кейінірек, жазушы, тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлының Шыңғыс қаған заманын суреттеген «Көкбөрілердің көз жасы» деген тамаша романы қазақ оқырмандарына кең таралды. Міне, осындай тарихи шығармалардың әсері болды.

Одан кейін мені қатты толғандырғаны – Жошы хан төңірегіндегі өсек-аяң. Тіпті, оның өлімін әкесінен көретін тарихшылар бар.  Міне, осындай жұмбақ та қызықты әңгімелер менің Жошы хан өміріне терең үңілуіме түрткі болды. Сәбеттік өтірік тарихты оқып, қарадай аласұратынмын. «Бізге сонша не болды? Соншама намыссыз болдық па? Өз тарихымызды неге өзіміз іздеп жазбай, өзгелер сызып берген шатпақты малтай береміз?» деген ой мазамды алды. Ұлы бабалар рухы жігерімді жаныды, рухымды қамшылады. Сонымен тәуекел етіп жазуға отырдым. Романды жазу үшін сол тақырыпты жақсылап меңгеруің, даңқты дәуірлер айшығын жаныңмен түйсінуің керек. Алғаш кіріскен сәтімнен романды жазуға отырғанға дейін төрт жыл бойы тынбай ізденіп, мол деректер базасын жасап алдым.

- Шығармада қандай еңбектерді басшылыққа алдыңыз? Қандай тарихи туындылар сіздің танымыңызды сәулелендірді?

– Роман желісіне арқау болар оқиғалар тізбегі көп кітаптан табылады. Мәселе – ең түйінді тұстарына баса назар аударуда. Ең қажетті деген он бес автордың ішінен Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-таурих» бес томдығы мен Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан және оның заманы» атты деректі тарихи хикаялар томдығында негізделген зерттеулер ізін арқау етуге бекіндім. Соншама жинаған материалдар ішінен санама сәуле құйып, күш сыйлағаны осы екі еңбек.

     Бұрмаланған тарихи жазбалар да өте көп кездеседі. Соның басында әлем жазармандарын, тарихшыларын шатастырған «Моңғолдың құпия шежіресі» деген тегі күмәнді кітап тұр. Оның түпнұсқасы жоқ. Бұл жерде мына мәселеге баса қарау керек – аталған құпия шежіренің әуелгі атауы олай емес. Анығы – «Юан патшалығының құпия тарихы» болатын. Юан патшалығы деген Шыңғыс қағаннан біраз кейін қытайда Құбылай құрған отырықшы мемлекет қой. Көшпенділерді қорған ішіне тығылған қытайларға жығып берген Құбылайдың мемлекеті. Жоғарыда айтқан құпия шежірені жазған сол Құбылай ұрпақтары. Олардың Жошыға неге сонша өшігетіні тарихтан белгілі. Ағайынды екі әулет арасында бітіспес кек, түбі көрінбес соғыс көп заманға дейін толастамады. Сондықтан «Моңғолдың құпия шежіресі» деп аталған, беріде жазылған сенімсіз кітапқа негізделіп тарих жазатындармен өз басым келісе алмаймын.

     Шыңғыс әулеті мен Жошы хан төңірегіндегі алып-қашпа желдірме аяңдарға тарихи фактілермен тұсау салған автор Мұхтар Мағауин. Ол кісі де Рашид ад-Дин деректерін басты назарға алады.

- Мағауин өзінің «Аласапыранын» жазарда көркемдік танымын көңілімен кестелеу үшін Ораз-Мұхаммед бабамыздың ізімен сапарлап, туындыға тіреу болар өлке-аймақтарды тегіс бажайлап қайтады? Сіздің де роман жолында «жолға шыққан» кезіңіз болды ма? Қай мекендерге ат басын арнайы бұрдыңыз?

– Әрине, шынайы, тартымды тарихи дүние жазу үшін деректер базасын жинау ғана жеткіліксіз. Сол заман этнографиясын, халықтардың өмір дағдысын, әскери құрылымын да мықтап меңгеру керек. Одан кейін, сол оқиғалар өткен ел мен жерді көзбен көріп, ауасын жұтып, суын ішу керек.

Осы мақсатта алдымен, Жошы хан жүріп өткен Сыр бойындағы қалалардың орнын, Отырарды, одан кейін Өзбекстандағы Бұхара, Самарқанд қалаларын, Әму-Жейхұн алабын дерліктей аралап шықтым. Роман тезисі дайын болған соң Моңғолияға сапар шектім. Ұшақ, пойыз емес, «жер қадірін сезінейін» деп тек қана таксимен жүрдім. Түстік Якутия шегі, сол дәуірде Барғұжын-Тоқым аталған Селенгі дариясының шығыс терістігі мен Селенгі бойын, Орхұнсуды құлдай Өтүкен даласына соғып, Білге, Күлтегін мәңгітасына тәу еттім. Одан өрлей Тоғрыл хан орда тіккен Толы (Тула) өзені бойын ендей кезіп, Хан Кентайдың баурайын шарладым. Шыңғыс ордасы шаңырақ көтерген, Жошы өмірге келді-ау деген жерлерді жобалап болса да араладым. Оны күн бойына созылған ұйқысыз сапар.

Бір әдетім бар – тарихи жерлерге сапар шеккенде әр мекеннен бірер түйір тас, топырақ, жусан, арша ала жүремін. Өтүкенге сапарымда Селенгі, Орхұн, Толы дарияларынан арнайы су құйып алғанмын. Үйге әкеліп қатырып қойдым да, романды жазу барысында сол сулардан ұрттап қойып, тасы мен топырағын сипап, жусаны мен аршасын иіскеп, өзгеше бір күшпен кірістім.

Міне, ұлы хандар әруағы, даңқты дәуірлер рухы деген сол екен! Солар мені желеп-жебеді.

- Жошы хан басқарған Ұлы дәулеттен ірге жайып шыққан жұмһыриет – Қазақ елі. Қазақ елінің қалыптасуында, ұлт болып ұйысуында Жошы ханның қаншалықты үлесі бар?

– Жалпылай айтқанда, Жошы ханның ғұмыры қысқа болды. 1223 жылы көктемде қазіргі Қазақ жеріндегі Құланбасыда өткен Ұлы Құрылтайда Шыңғыс қаған тұңғыш ұлына өзі иелік етіп отырған қара шаңырағынан да үлкен Қыпшақ даласын еншіге берді. Бұл деген ешкім күтпеген ұлы сыйлық! Қағанның Жошыны болашақ тақ мұрагері ретінде дайындағаны анық. Бұл жайлы Мұхтар Мағауин тамаша дәлелдер келтіреді. Біз соны қабылдауымыз керек.

Ал, 1221 жылы көктемде Үргеніш түбінде інісі Шағатаймен арасында туындаған реніштен кейін Жошы хан Қыпшақ даласына, Ұлытауға келіп орнықты. Бұл сапары да қаған әкенің рұқсатымен, екеуара келісіммен болды деп ойлаймын. Келе салып босқа қарап жатпады. Шығыс елдерімен болған ұзақ қайшылықтан кейін Хорезм билеушісі Мұхаммед ала ад-Дин сұлтан мүлде жауып тастаған Жібек жолын қайта ашты. Дәшті-Қыпшақ даласына «Ұлы Жасақ заңы» негізінде жаңа жарғылар белгілеп, соғыстан қажыған түстік шаһарлар жұртын салықтан босатты. Сауда жолдарына қатаң күзеттер қойып, саудагерлерге ерекше жағдай жасады. Сонымен қатар, әскер ісін ретке салып, Қыпшақ даласында өмір сүріп жатқан тайпаларға еркіндік берді. Соның арқасында аз уақытта мал басы қайта өсіп, сауда, қолөнер ісі жылдам дамыды. Ел бейбіт, тыныш өмірдің рахатын көрді.

Тағы бір атап айтатын жайт – Шыңғыс қаған Жошыға батыс жорығын жасап, ірге кеңейту жайын ескертсе де, ол жаңа шапқын жасауға онша қызықпады. Батыс пен орыс тарихшылары осы жайды көлденең тартып, әке мен бала арасынан ілік іздейді. Бірақ, бәрі әкесімен келісе отырып жүргізген жаңа саясаты болатын. «Ол Қыпшақ даласына бауыр басып кетті» деп жазады көне тарихшылар. Осы сөзден-ақ оның қаншалықты жағымды тұлға болғанын түсіну қиын емес. Ал енді ол хан болды ма деген сұрақты тереңдей зерттеу керек. Кейінгі заманда, Алтын Орда дәуірінде, одан бері де Жошы есімін қадірлеп, көшпенді жұрт «Жошы хан» деп әспеттеді.

Көзі тірісінде жұртқа жайлы, жасаққа жағымды, әкесіне тіреу болғаны сөзсіз. Оның кейінгі жолын екінші ұлы, қаған атасынан бір кем емес Бату жалғастырды...

- Бір жазбаңызда «Басты ұстанымым – тарихи шындықтан айнымау, қаған әкеге барабар туған Жошы ханның бекзат болмысын, қайырымды жүрегін, парасатты ерлігін жырлауға барымды салдым» дейсіз. Жошы ханның өрлігі жайлы аз айтылмайды. Сіз қаламгер-зерттеуші ретінде Шыңғыс ханның тұла бойы тұңғышы Жошы ханның интеллекті, стратегиялық шымырлығы жайлы қандай пайым айтар едіңіз?

– Жошы хан ат жалын тартып міне сала қатерлі де ауыр жорықтарға аттанды. Әкесінің ұлы империя құру ісінде ең сенімді, парасатты қолқанаты бола білді. Сол заманда, қағанаттың терістігінде «Ағаш елі» деп аталатын, Байкөл бойын мекендеп отырған ұланғайыр ұлыстар болды. Негізгілері – ойрат, қоры тұмат, барғұт, қырғыздар. 1207 жылы 25 жасында қаған жарлығымен сонда аттанды да, асқан парасатымен ешкім күтпеген жеңістерге қол жеткізді. Жеңіл өткен ұрыс майдандарын айтпағанда, тұтас терістікті соғыссыз бағындырып келді. Қаған алдына мерейі тасып, өзі қол астына қаратқан жерді сол сәтте-ақ еншіге алды. Содай кейін Жошы өміріндегі ұлы жорықтар басталды да кетті. Бәрінде әкесінің ең сенімді батыры әрі өкілі ретінде қалың қолдың алдын бастады. Таңғұтты, қытайды одан кейін Сартауыл-Хорезмді шауып, адам сенбес ерліктер жасады.

Жошы хан негізінде ішкі әлемі қайшылыққа толы тұлға. Сырттан түскен әр түрлі қысымнан жаны жиі жараланған. Ол жайында тіпті, Жошыны қаралауға бейім тұратын ерте заманғы қай деректі ашсаңыз да, қай тарихшы жазса да айналып өте алмайды. «Юан тарихы» да, Жубәйни бастаған араб-парсы тарихшылары да Жошының ерек болмысын бір сөзінде болса да айтып кетеді. Жошы тумысынан қайырымды, ізгі жан болған. Ең басты қасиетінің бірі мейірімділігі еді. Соның кесапатын да көп көрді. Ол мейірім – өзін баулыған үш анадан, Өгелін әже мен Бөрте-енеден, әкесінің кенже қарындасы, асқан батыр Темулүннен дарыды. Ол бір зұлмат, қанды заман еді. Сен қан төкпесең, ол төгеді дегендей. Алайда, Жошы соншама қайшылықты қатігез ортада өз тұғырынан айныған жоқ.

Алапат соғыстарда алдымен елші жіберіп, бейбіт бағындыру тәсілін қолданып отырған. Қаған белгілеген «қарсыласып, көнбегендерге тек қана өлім» заңынан әр түрлі тәсілдермен айналып кетіп отырды. Амалсыздан қырғын майдан ашқан кездерінде «Мүмкіндігінше аз өлтіру» жарлығын беріп отырған. Онысы үшін жорықтан шеттетілген кездері бар.

Қорытып айтқанда, Жошы хан сыйлау мен жазалау да ең әділ жолды ұстанған өте ақылды адам болған. Сол мінезі арқылы барған жұртын бірден баурап алып отырды.

- Тарихи зердемен долбарласақ, мұңғұлдар немесе қияттар ұғымы бізге қаншалықты жақын?

– Бізге моңғол деген аттан қашудың керегі жоқ. Ол бізге жат та емес. Ер Түріктің бір бұтағы қият тайпасынан тараған рулар мұңғұл деп аталған. Берісі бізбен, арысы барша түрік баласымен туыстас, тамырлас. Оны ешкім бөліп ала алмайды. Байкөл, Енисей бойындағы түрік тайпаларының арасынан да сондай атаулар кездеседі. Ол кейін империя атауына айналды. Шындап келгенде, нағыз мұңғұлдар – мына біздерміз, яғни, қазіргі Қазақ атауын алып отырған байтақ жұрт. Бұл атауды Шыңғыс қаған өлген соң 73 жылдан кейін жазылған тарихи кітабында Рашид ад-Дин «Моғұл» деп атайды, оны Мағауин қуаттайды. Моғұл десек те, моңғол десек те, біз оны қабылдауға тіспіз. Қан жағынан болсын, өмір салты, тұрмыс дағдысы жағынан болсын, Шыңғыс қаған түрік баласы, ол құрған Ұлұғ Ұлыс бәріміздің басымызды қосқан қара шаңырақ еді..

- «Жошы хан» романы сіздің шығармашылық шеберханаңызда қалай жазылды? Сар желіске салып аяңдаған, қыза шапқан я да, желген кездеріңізді, жазу машығын мығымдау кезіндегі кісілік машақатыңыз бен барақатыңыз жайлы баяндап бере аласыз ба?

– Жазу да бір азап қой. Ләззатты азап. Алдымен өзіме оңаша бөлме жасақтап алдым да, бала-шағаға түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. «Мен жазуға біржола отырамын. Бар-жоғыммен, кейбір тосын қылықтарыммен санаспаңдар. Енді менде күн мен түн түсінік болмайды. Ас-тамақ жайын қадағалап қойыңдар» дедім. Осы қыстың қалай өткенін де сезбей қалдым. Түнімен отырып, таң ата таза ауа жұтуға балконға шыққанымда ел жұмысына, балалар сабақтарына кетіп жатады. «Еее, таң атқан екен ғой» деймін. Бір орнымнан тұрғанда түн келгенін көремін. Басым салақтап жүріп, талай рет көрші үйге кіріп кеттім. Бастабында аңтарыла қарайтын еді, соңыра олар да түсінді.

Үйдегі кісінің өтінішімен базарға көлік айдап барып, басыма тосын ойлар желісі келгенде қасымда адам барын ұмытып, үйге жалғыз кетіп қалған кездерім де көп. Қолымдағы телефонымды таппай, балаларыма талай қоңырау шалдым: «Телефоным жоғалып кетті. Көрдіңдер ме?» деп. Қызықты сюжеттерді, сұрапыл майдандарды жазғанда ерінім кеберси қалады. Ондайда Орхұн мен Селенгінің суын таңдай жібітемін.

Жалпы, жазу барысы тым ауыр соққан жоқ. Бәрі де миымда пісіп, ойымда қайнап дайын тұрған. Кей күндері 15 сағатқа дейін тапжылмай отырғанда алдымдағы компьютер қызып, пернетақтасы сартылдата соққан саусақ күшіне шыдас бермей қалады. Табанды еңбектің арқасында 2024 жылдың 18-ші ақпаны түс ауа романды аяқтап, нүктесін қойдым. Сол сәттен естелік деп фотоға түстім.

Не қылса да үлкен еңбектің үдесінен шықтым. Жүз пайыз кіршіксіз дүние жоқ. Романның артық-кемі жайында көзқарақты әдебиетшілер, сыншылар өз пікірін айта жатар.

-«Жошы хан» дәуірінің жалғасы – бүгінгі сапалы, саф қазақ екеніне дау жоқ. Жалпы, «Жошы хан» романының жалғасын, өзге де сүбелі санатты оқи аламыз ба?

– Шыңғыс, Жошы хан дәуірі біздің даңқты тарихымыз. Ұлы бабалар қалыптап кеткен ғажайып даланың мұрагеріміз. Ол – біз үшін мәңгі мақтаныш! Сөз басында айтқанымдай, Жошы хан жете алмай кеткен мұрат ізін оның ұлы ержүрек Бату жалғады. Романым да Батудың қаған атасынан міндет алып, Темуге отшыгенмен бірге Жошы ұлысына беталған жерінен аяқтайды. Ұлы бабалар тізбегі сияқты, мен де романдар желісін сол тарихтан үзгім келмейді. Жаратушы қуат берсе, келер жылға Бату хан жайлы тарихи романымды сәтті жазып, оқырманға ұсынсам деймін. Алғашқы тарауларын бастап, жазып та кеттім. Ол кітапты жазуда бір қолайлы жері Жошы ханға қарағанда Бату жайлы дерек ұшан-теңіз. Бұған дейін Ілияс Есенберлин атамыз жазды. Ол бір кеңестік қызылдардың құтырынып тұрған кезі. Онда Ілияс атам айта алмай кеткен шындықтарды басқа қырынан, жаңаша көзқараспен алып шықсам деймін.

Одан кейін, Көк Түріктер заманына, алып қағанаттар құрған тұлғалар төңірегіне ат ізін салсам деймін...

- Жазушылық сүрлеуінде шығармашылық табыс тілейміз!

- Рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Дастан Қастай
Журналист, қаламгер

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?