Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақ əліппесін қайта жасауым керек» - Ахмет Байтұрсынұлының Әлихан Бөкейханға жазған хаты

18 сәуір 2024 394

Қадірлі Əли!

Орталықты Қызылордаға көшіру жөніндегі мəселенің түпкілікті шешілмеуіне байланысты, сенің көп хаттарыңа дер кезінде жауап қайыра алмадым. Енді Қазақ-қырғыз институты көшпейтін болса да, шəкірттердің оған қарамай астанаға қайтамыз деп шешкенін көріп, мен де Қызылордаға қоныс өзгертуді жөн санадым. Сондықтан ол жақтан пəтер қарау мен іздестіруге əйелімді жібердім.

Биылғы жыл орталықтың көшуіне байланысты елге бара да алмадым. Енді көші-қоным біткен соң, тамыз бен қыркүйек айларында баруды ойлап жүрмін.

Егер сенің профессорың Торғай мен Ырғызға қарай шығатын болса, маған да онымен бірге шығу қажет шығар? Оның өлең, əн жинау, суретке түсіруі – менің де ежелден ойластырып жүрген дүниелерім еді. Егерде профессордан үйрену жазса, маған үлкен олжа болары хақ.

Қазақ Мемлекеттік баспасымен келісілген шартқа сəйкес, мен жаңа емле бойынша үш грамматика жəне қазақ əліппесін қайта жасауым керек. Аяқталу мерзімі: біріншісі – 15 маусым, екіншісі – 1 шілде, үшіншісі – 1 тамыз, төртіншісі – 20 тамыз. Міне, сол уақытқа шейін басқа жұмыстарға қарауға мұршам жоқ; оның үстіне Қазақ-қырғыз институтында оқу басталса, тағы да бос уақыт болмай қалады. Сол себепті де 20 тамызға дейін Ибраһимнің [Абайдың] ғұмырбаянын жаза алмайтынымды анық айтамын. 20 тамыздан соң уақыт бола ма, жоқ па – оны білмеймін.

Сендерге өз суретімді жібермекпін; бірақ байқа, менің бейнем енгізілген сенің дəптеріңді алмай қойып жүрмесін. Біздің коммунистер Мəскеу коммунистері секілді жартыкеш емес, нағыз «96 пробалы».

Алтынсары баласының суретін «Шолпан» журналының №6, 7, 8 кітап жинағынан табасыңдар. Одан басқа менде суреті жоқ.

Міржақып Қостанай үйезіне кетті. Кеше одан алған жеделхаттың мазмұны мынадай: «Гая ерледі: ұл туды».

Мен Пішпекте өткен қырғыз мұғалімдерінің сиезінде болып келдім. Күн тəртібіне қойылған мəселелер мыналар: тіл, əріп, емле, ғылыми пəн сөздері, ескі сөздерді жинау, мектеп түрі.

Латын транскрипциясы жөнінде оларда бұған дейін бір жиналыс болып, шешім шығарған екен. Сиез соны мақұлдады. Ол шешім төмендегідей:

«Латын транскрипциясын қырғыздың болашағы үшін пайдалы деп табу, алайда оған дейін араб транскрипциясына кейбір өзгерістер енгізу».

Олар Нəзірдің транскрипциясын арабшадан да нашар дейді. Бізде үлкен жəне кіші əріп болмауы қажет; сонымен бірге тасқа түсетіні мен жазбаша əріптің айырмашылығы байқалмағаны жөн.

Орысша жағырапияны академиалық орталық баса алмайды. Оны қазақ өлкесін зерттеу қоғамының талқысына салып, сонан соң хабарлармын. Соңғылар басқыздыртады деп ойлаймын. Өйткені оларға қазақ жағырапиясы өте қажет.

Құшақтап сүйдім, Ахмет!

Орынбор, 01.VI.25 ж.

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. XII том.-Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?