Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алаш аманатын арқалаған фильм жайлы арнау-cөз. "Міржақып. Оян қазақ" бірнеше номинацияны жүлделеді

20 сәуір 2024 348

Күллі қазақтың көзіне жас үйіріп, зұлмат жылдардың нәубеті мен қиындығын, қысылтаяң саясаттың қырқасында күн кешкен Алаш ардақтыларының өнегелі өмірін арқау еткен "Міржақып. Оян қазақ" фильмі  "Сыншылар таңдауы" байқауында бірнеше жүлдені бәйгеледі. Рухани құнарға бай, құндылығы мол фильм жайын Alash.KZ ұлттық порталының ажарында сөз етуді жөн көрдік. 

Отандық төл туынды - "Міржақып. Оян қазақ" фильмі "Сыншылар таңдауы" байқауында бірнеше номинация иеленді. Жүлде жайын фильмнің продюсері Айсәуле Әбілдә мен режиссері Мұрат Есжан Instagram парақшасында жазды.

Айсәуле Әбілданың айтуынша, аталған додада 80 фильм бақ сынаған.

"Міржақып. Оян, қазақ" фильмі "Сыншылар таңдауы" байқауында 80 фильмнің арасынан 10 номинацияның 4-де, яғни "Көрермен таңдауы", "Үздік сценарий", "Үздік ер адам бейнесі", "Үздік екінші пландағы әйел бейнесінде" бақ сынап, 2-де үздік атанды. Біз үшін қымбат жеңіс – "Көрермен таңдауы" және осы фильмнің бас актері Бақыт Қажыбаев ағамыздың “Үздік ер адам бейнесін” алуы. Сериал боп басталып, фильмдермен бақ сынадық. Осы жобаның барша тілеулестерін құттықтаймын", - деп жазды жұп.

"Міржақып. Оян, қазақ!" фильмі жайлы не білеміз? 

"Міржақып. Оян, қазақ!" фильмі "Қазақстан" ұлттық арнасы түсірген 6 сериядан жасалған жалқы туынды. Фильмнің жинақталған нұсқасы 21 қыркүйекте отандық прокатқа шықты. Екі апта бойы еліміздің кинотеатрларынан көрсетілді. Алаш қайраткері, ақын, жазушы Міржақып Дулатұлының рөлін белгілі актер Бақыт Қажыбаев сомдады. Режиссері Мұрат Есжан болды. Жалпақ жұртқа жаққан туындының аз мерзімде көрсетілуіне келіспегендердің де қарасы аз болмады. Кейіннен көрсетілім мерзімі қосымша ұзартылды. 

Фильмнің көркемдік құнына, тарихи тақырыптарды қаузаған тереңдігіне, идеялық шымырлығы мен эстетикалық тұнықтығына жылы пікір бірдіргендер көп болды. Мәселен, ҚР депутаты, академик Дархан Қыдырәлі фильм хақында: 

Демалысты пайдаланып отбасымен бірге “Міржақып. Оян қазақ!” фильміне тағы бардық. Зал лық толып отырды. Алаш ардақтысының ғасыр бұрын жар салған, қуғындалған, сотталған, сосын ақталған ұлы ұраны бүгін де туған халқына, оның санасының сілкінуіне, ойдың отарсыздануына қалтқысыз қызмет етуде! Фильм Гүлнар апайдың “Мен жеңдім!” деген әсерлі сөзімен әдемі түйінделген екен. Расында әкесінің ардақты атымен қайта қауышқан Гүлнар апай ғана емес, халқымен қауышқан Міржақып та, алаш ұранын бауырына басқан қаймана халық та жеңді! Фильмге еңбегі сіңген барша азаматтарға тағы да алғыс! - деп жазды. 

Ал, жазушы-журналист Гүлмәрия Барманбекова фильм жайлы өзіндік тебіренісін былай жеткізеді: 

Уф, не деген ауыр тағдыр еді! Алаш арыстарының тағдырын айтам. Иә, иә, Алаш тағдыры қазақ тағдыры екен-ау! Құдайым-ау, менің қазағым қандай қияметті бастан кешкен! Ең сұмдығы сол, қазаққа қазақ опасыздық жасаған! Сатқындық пен қайсарлық. Ізгілік пен зұлымдық. Қатігездік пен мейірбандық. Надандық пен парасат. Тайғақтық пен табандылық. Фильмде осының бәрі қамтылған. Елінің еркіндігі жолында жанын құрбан еткен Алаш арыстары анасының құрсағынан азаттықты аңсап туған ба дерсің! Ел мен жерді, ұлтты осыншама сүю сезімі адамда қайдан пайда болады? Бар ма қазіргілерде ондай сезім? Алаш арыстарының бәрі байдың ұрпағы болған екен. Қазіргі бай-бағландардың балалары дәл солардай ұлтшыл, мемлекетшіл ме?
Сонымен қатар, қазақтың қаламгер қызы ашыққанда астан бұрын Алашын ойлаған азаматтардың ізгі бейнесі мен сом тұлғасын бүгінгі қоғамнан іздейді:
Ашыққан халқын ойлағанда, алаштықтардың тамағына ас батпапты. Бүгінде кедейшілік шегінен төмен өмір сүріп жатқан қазақтарды ойлап, бір қазақтың жас олигархы күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылыпты дегенді естігендеріңіз бар ма? Алла тағала Міржақып Дулатовтың ғұмырын 43 емес 83 жылға созғанда не болар еді деген ой келеді. Ондай жағдайда "оятып" қана қоймай, қазаққа өртесе де өлмес рух сыйлап кетер ме еді, - деп жазады қаламгер. 

Туындының идеялық желісін тереңнен түсіне алдық па? 

Туындының телевизиялық желісте тартып, синкретті өнердің сипатына сұраанып тұрғанына қарамастан, ең алдымен, сценаристер мен режиссердің шеберлігін мақтамасқа болмайды. Тұтас фильм таза қазақы элементтерге тұнып тұр. Ағыбай батырдың қылышы, киелі арман-мұратымен табысқан қазақ, 30-шы жылдардағы ашаршылық құрбандарына көмек қорын құру, Дулатов пен оның серіктерінің азаматтық белсенділігі фильмнің өнегелі өрісін кеңейте түседі.

Мұның бәрін драмалық түрде баяндауға тырысқан фильм режиссерінің сөзіне сенсек, туындыны телегей теңіз тарихпен ұштастыру оңай соқпаған. Оны терең түсіну мен түйсіну жағын Мұрат Есжан былай жіліктейді:

“Оян, қазақ”, шыны керек, мұндай фурор тудырады деген үш ұйықтасақ, түсімізге кірген емес. Халықтың қызу қолдауын көргенде небір ғаламат сезімдерді бастан кешірдік. Сол үшін патша көңілді көрерменге тағы мың мәртебе алғыс. Ол сезімдер туралы жиып-теріп бәрі басылған соң тағы айтармыз, жазармыз. Бүгін мына бір азырақ түйткілді жайтты қозғасам деймін. Көрдіңіздер ме, көрмедіңіздер ме, желідегі сүйінішке һәм күйінішке толы жазбалар мен айтпалардың арасында өзге халыққа, басқа ұлтқа кіжінген, йанаттаған, бүгінгі демократиялық, құқықтық, бейбіт құндылықтарымызға қабыса бермейтін де пікірлер бой көрсетіп қалып жатты. Бұл - кезінде Міржақып көтерген “оян” ұранының да, бүгінгі фильмнің де басты идеясын дұрыс түсінбегендік. Патша заманындағы әйгілі цензор Смирновтың өзі Міржақыптың “Оян, қазағы” жастарды білім-ғылымға, қазақ оқығандарын бірлікке үндейді деп баға берген. Біз де сол идеядан алыс кетпей, ұлттың интеллектуалдық, рухани, кәсіби оянуын мұрат тұттық. “Оян” - ең әуелі ішкі қуатымызды, сыртқы сапамызды арттыруға арналған ұран.

"Міржақып. Оян, қазақ!" фильмі қайткен күнде де қоғам санасына сәуле түсіріп, ұлттық танымның терезесін кеңнен ашқаны рас. Тарих қаттаған тақырыптарды тану және мейілінше көптеп түсуру ұлтты ұлылыққа жетелейді. Өзін тануына, ұлттық болмысын кәміл түйсінуіне таяныш болады.

Дастан Қастай

 

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?