Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Тұрғымбаевтың тағдыры Ақорданың құзырында" - Қосанов

03 мамыр 2024 402

Бүгін экс ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Қазірше, оның не үшін тұтқынжалғаны туралы толыққанды ақпарат жоқ, ресми мәліметтің өзі шолақ. dalanews.kz тілшілері экс-министрдің не үшін қамалғанын, қанша уақыт жататынын сұрап, саясаткер Әміржан Қосановқа хабарласқан. 

Қосанов: 

  • Өз басым Тұрғымбаевқа қатысты қалыптасқан жағдайдан ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстанның құқықтық, саяси, керек десеңіз, моральдық текетіресін көремін. Билікте болған және онымен ширек ғасыр күресіп келе жатқан менің білетінім сол: ішкі істер министрі болған кез келген адам жоғары жақтағы бастықтарының бұйрығысыз не рұхсатысыз маңызды шешім қабылдай алмайды! Ол санатқа президент, оның әкімшілігінің жетекшісі, премьер кіреді.
  • Тұрғымбаев бүгінде Қанды Қаңтарға қатысы бар тұлғалардың ішіндегі аса маңызды адам. Ендігі мәселе оның өзіне келіп тіреледі: не, өз кінәсі болса, бір жаза, не жоғары жақтың бұйрығын орындаса, айып тағылар басқа да лауазым иелері тергеуге тартылуы мүмкін.
  • Соның ішінде, отыз жыл бойына елді басқарып, құқық қорғау жүйесін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген Нұрсұлтан Назарбаевтың да аты аталуы мүмкін. Бұл қатарға мен сол сыни  кезеңдерде президент әкімшілігінің басқарған аса құзыретті саяси тұлғаларды да қосар едім.

Тұрғымбаевтың қамауға алынуында саяси астар болуы мүмкін бе? дейді тілші.

- Бәрі де болуы мүмкін! Саяси астар да, кланаларық тартыс та, қызметінде жіберген кемшіліктері не жемқорлық әрекеттері себеп болуы мүмкін. Тіпті ол президентке не оның маңайын жақпай қалуы да мүмкін. Сол себепті ресми ақпаратты күтейік.

Процесс қанша уақыт созылуы мүмкін? Тұрғымбаев ұзақ мерзімге сотталып кетуі мүмкін бе? деген келесі сұраққа:

- Биліктің ішкі және сыртқы құпияларынан хабардар мұндай тұлғаларға қатысты шешімді нақты судья қабылдамайтыны бесенеден белгілі. Тұрғымбаевқа тағылып жатқан (және тағылуы мүмкін) айыптар, тереу мен сот барысы, соттың үкімі – бәрі-бәрі Ақорданың құзырында. Қалғанының бәрі, соның ішінде, Сіз бен біздің долбарларымыз, Тұрғымбаевқа қатысты жарияланып жатқан алуан-түрлі ақпарат, соның ішінде, шындығы да, өтірігі де, екеуі де аралас сараптамалар – далбаса боп қала бермек!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?