Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ұлы ескерткіштер елі". Қазақстанда енді көзі тірі адамға ескерткіш қою шектеледі

04 мамыр 2024 1159

Қазақстанда жер басып жүрген көзі тірі адамға ескерткіш қоюға шектеу қоятын қарар қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.

Сонымен қатар, ескерткіш "беталбаты" қойылмайтын болады:  

“Ерекше тұлғаға ескерткіш қайтыс болғанынан бес жыл өтпей қойылмайды. Тек мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтып, маңызы бар тарихи оқиғаға үлес қосқан, батырлық пен қайсарлық танытқандарға қоюға рұқсат етіледі”, – делінген жаңа ережелерде.

Сонымен қатар, ескерткіштер жеке ұйым аумақтарында және жеке меншік иелері мен пайдаланушыларға тиесілі учаскелерде орнатылмауға тиіс.

Жергілікті атқарушы органдар ескерткіш көтеру, өнер құрылыстары бойынша жұмысты жоспарлап жүргізетін болады. 

"Жергілікті атқарушы органдар құрылыс салу туралы ұсынысты уәкілетті органға ұсынады. Оған бөлінетін қарсы расталып, жер учаскесін бөлу туралы шешім шығып, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның хаттамасы болуға тиіс", – делінген ережеде.

Үздік құрылыс жобасына конкурс жарияланады. Келіп түскен ұсыныстарды уәкілетті орган құрған комиссия қарайды. Ол ескерткіш жобасын мақұлдай алады немесе оны қайта қарауға жіберуі мүмкін.

Монументалды өнер ғимараттарын орнату ережелерінің толық мәтінін мына жерден қарай аласыз.

Құжатты талқылау 2024 жылғы 21 мамырға дейін жалғасады.   

Орайы келгенде айта кетейік, ұлттық музейдің ашық алаңынан Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші алып тасталған еді. 

Кейінгі жылдары жергілікті аймақтарға қоғамға танылмаған, немесе белгілі бір ру мен әулетке құрметті адамдардың ескерткішін қою сәнге айналғаны БАҚ-та жиі жазылады. 

Негізінен алғанда, ескерткіштер "Қазақстан Республикасы үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысымен көрнекті тұлғалардың, маңызды тарихи оқиғалардың мерейтойлық және атаулы күндеріне" қойылуға тиіс.

Бұл ретте ескерткіш қойылған адамның аты республикалық ономастика комиссиясы бекіткен тарихи тұлғалар тізімінде болуы керек.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?