Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

13 миллиард доллар. Қазақстан Ресейге қарыз үстіне қарыз жамауда

19 сәуір 2024 340

Соңғы бес жылда Қазақстанның сыртқы берешегі 4 миллиард долларға артқан. Ұлттық банктің дерегінше 2024 жылы елдің сыртқы қарызы 163 миллиард долларға жеткен, бұл осыдан бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда бірнеше миллиардқа көп, - деп хабарлайды alash.kz даланевске сілтеме жасап.

Қазақстанға ең көп несие берген ел – Нидерланд: 42,6 миллиард доллар. Дегенмен, Қазақстанның Ресейге алдындағы берешегі ерекше көзге түседі. Соңғы бес жылда Қазақстанның теріскей көршісіне қарызы 47,1 пайызға артып, 13 миллиард долларға жеткен. Бұл Мәскеудің Қазақстан экономикасындағы қаржылық ықпалы мен белсенділігін айтарлықтай күшейтіп отыр.

Ал Батыс елдерінің тарапынан несие берушілерінің қарыздары азая бастаған. Ұлыбритания мен АҚШ Қазақстанға қарыз беруді айтарлықтай азайтқан.

Осы өзгерістер аясында Азия Даму Банкі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы жобаларға белсенді қатысып жүр. Желтоқсан айында Азия Даму Банкі қаржылық басқаруды реформалауға 350 миллион доллар бөлсе, ал Дүниежүзілік банктің көмегімен ДДҰ пандемиямен күресу үшін 19 миллион доллар бөліп, пандемия қорының жобасын қолға алған.


Елдің бұрынғы бас аудиторы Наталья Годунова мемлекеттік құрылымдардың халықаралық қаражатты тиімсіз пайдалануын сынға алып, неғұрлым ашық және жауапты қаржылық басқару қажет екенін айтқан болатын.

Бұған дейін ресейлік компаниялардың қазақстандық жобаларға атсалысып кіре бастағаны жазылған. Мәскеу Қазақстандағы орыс әлемінің «амбассадоры», саясаткер және экономист Петр Своик және бірқатар сарапшы арқылы өзінің мүддесін тықпалауға көшкен. Орыстілді БАҚ "Қазақстанның батысындағы энергетикалық компаниялардың активін ресейліктерге беру – Астана үшін дұрыс шешім болмақ" деген үгіт-насихатты күшейтуде.

Ресей Еуроодақ пен АҚШ-тағы тыйым салынған активтерін пайдалана отырып, Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнай-газ жобаларындағы шетелдік компаниялардың акцияларын сатып алуы мүмкін деген болжам бар.

«Менің айтарым: Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанаққа (мұнай және газ кен орындары) алдағы жылдары Ресей иелік етеді. Екі ықтимал жағдай болуы мүмкін. Біріншісі – ол жерден Батыс компаниялары кетеді. Олардың орнына ресейлік, қытайлық және қазақстандық компаниялар келеді. Ал екінші сценарий бойынша Батыс компаниялары жергілікті тәртіпке бағынып жұмыс істейтін болады. Бірақ олар елден кетуге мәжбүр болуы мүмкін», - дейді Петр Своик сұхбатында.

Тағы бір ресейлік БАҚ-та «Астана Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қол қойылған мұнайға байланысты келісімдерді қайтадан қарауды көптен бері армандап жүргені» жазылған.

«Сарапшының сөзінше, активтерді Ресейге беру ең дұрыс шешім», - деп жазылған Fedpress.ru материалында.

Осылайша бұл бастаманың басында қазақстандық тараптың өзі тұрған болуы мүмкін екені айтылады. Ресейлік сарапшы Игорь Юшков мұндай өзгеріс кімге тиімді екенін айтып берген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?